Қазақстан мен Германия: ғасырларды жалғаған көпір

Қазақстан мен Германия: ғасырларды жалғаған көпір

Берлин, 2025 жылғы 5 қараша - Берлинде «Шаңырақ астындағы кездесу» жобасы аясында «Қазақстандағы немістер тарихы» тақырыбына арналған бесінші кездесу өтті. Іс-шараға ғылым, қоғам және саясат топтары, сондай-ақ неміс диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде Қазақстан немістерінің көпжылдық тарихын зерттеудің ел мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.Дипломат неміс этникалық тобы өкілдерінің еліміздің экономикасы, ғылымы, мәдениеті мен білімінің дамуына айтарлықтай үлес қосқанына және әлі де қосып келе жатқанына назар аудартты.

Кездесу барысында қатысушылар Қазақстандағы неміс мұрасын әр қырынан - тарихи, қоғамдықжәне жеке көзқарас тұрғысынан қарастырды.

«Verbundenheit» қоры кеңесінің төрағасы Хартмут Кошик Германия мен Қазақстан арасындағы неміс диаспораларын қолдау және гуманитарлық бастамалар саласындағы көпжылдық достық қатынастар туралы айтты. Ол қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде екі елдің өңірлері арасындағы серіктестік жобаларды дамыту және неміс тілі мен дәстүрлерін сақтау ісін атады. Бұл Қазақстанның мәдени алуан түрлілігінің маңызды бөлігі болып табылады.

Кошик ауыр тарихи кезеңдерде неміс халқына көрсеткен жомарттық пен мейірімділігі үшін қазақ еліне шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, дәл осы адамгершілік қасиеттердің арқасында Қазақстандағы неміс ұлты өз болмысын сақтап, елдің қоғамдық және мәдени өміріне табысты сіңісе алды.

Қазақстанда туып-өскен Берлин Сенатының қоныс аударушылар істері жөніндегі уәкілі Вальтер Гаукс 1996 жылы Германияға көшіп келу жөніндегіөз өмірлік тарихымен таныстырды. Ол Қазақстанда өткізген жылдарын ерекше жылулықпен еске алып, дәл осы жерде өзара құрмет пен ашықтыққа негізделген өмірлік және мәдени құндылықтарды меңгергенін айтты. Гаукс неміс диаспорасының мәдени бірегейлігін сақтау, жастар мен білім беру бағдарламаларын кеңейту және қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстандық неміс ұлтының өкілі Афина Хайнерт өз ойымен бөлісіп,  этникалық немістердің елдің мәдени және қоғамдық өміріндегі рөлін атап өтті. Оның пікірінше, қазақ халқының кеңпейілдігі мен мейірімділігі өзара келісім, достық және сенім орнауына қолайлы жағдай жасаған. Сондай-ақ ол бүгінде Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды мәдени және білім беру мекемелері белсенді жұмыс  істеп келе жатқанынбаса айтты. Олардың қатарында Республикалық неміс драма театры, Алматыдағы Қазақстан-Неміс университеті, сондай-ақ DSD мектептері мен PASCH бастамаларының желісі. Бұл ұйымдар неміс тілін үйренуге және жастар алмасуына мүмкіндік беруде.

Герман-Қазақстан қоғамының төрағасы Томас Хельм Қазақстандағы немістер тарихы мәдениеттер сұхбаты мен өзара байытудың жарқын үлгісі ретінде келтірді. Ол бүгінгі жаһандану дәуірінде ортақ тарих пен құндылықтар арқылы байланыс орнатқан халықтар арасындағы рухани байланысты сақтау маңызды екенін ескертті.

Қатысушылар қазақ және неміс мәдениеттерінің рухани бірлігінің символына айналған көрнекті жазушы, аудармашы әрі ойшыл Герольд Бельгерге арналған «Жанымның үш пернесі, өмірімнің үш шеңбері» атты кітаптың таныстырылымын ерекше қызығушылықпен тамашалады.

Кездесу соңында неміс мұрасының Қазақстанның қазіргі заманғы бірегейлігіне және қазақстан-неміс қарым-қатынастың дамуына әсеріне қатыстықызу пікірталас өтті.

Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың маңызды факторы - Қазақстанда тұратын 200 мыңнан астам неміс диаспорасы және Қазақстаннан Германияға қоныс аударған шамамен 1 миллион қазақстандық неміс болып табылады.