
Берлин қаласында Қазақстан Республикасының күніне арналған ресми қабылдау өтті.
Салтанатты іс-шараға Бундестаг депутаттары, Германия Федералдық Президенті мен Федералдық Канцлері ведомстволарының, федералдық министрліктердің өкілдері, іскерлік және сарапшылар қауымдастық мүшелері, дипломатиялық миссиялардың басшылары мен неміс бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Мерекелік қабылдаудың ашылуында Қ. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Қазақ елі» ансамблі ҚР мен ГФР мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде Республика күні ел тәуелсіздігі мен болашағының символы екенін атап өтті. Ол екіжақты қатынастардың серпінді дамуына жоғары баға беріп, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарына тоқталды.
Бундесрат Президенті және Саарланд жерінің Премьер-министрі Анке Релингер де құттықтау сөз сөйлеп, 2025 жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапары туралы айтып өтті. Ол екіжақты диалогтың тұрақтылығын ерекше атап көрсетті.
«Қазақстан осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктері мен елдің даму жолы – тамаша үлгі әрі айқын дәлел. Мен мұны аймақ елдеріне ғана емес, бүкіл әлемнің көптеген мемлекеттеріне үлгі боларлық мысал деп есептеймін», – деді Релингер.
Бундесрат Президенті сонымен қатар: «Бір елдің аумағында мұндай мол және сан алуан сирек жер металдарының қорының болуы – бұл өңірде әрі қарай да мықты және, ең бастысы, сұранысқа ие экономикалық серіктес болып қалудың берік негізі. Бұл, сөзсіз, энергетика саласына да қатысты – көмір, мұнай, газ, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен сутегі тақырыптарына да байланысты», – деп атап өтті.
Анке Релингер Қазақстанның электрондық үкімет жүйесі мен цифрландыру саласындағы жетістіктеріне де жоғары баға берді: «Бұл – шын мәнінде “экспорттық табысқа” айналуы мүмкін. Электрондық үкімет технологиялары құрамында біз Германияда енді ғана енгізгіміз келетін элементтер бар, ал сіздерде олар қазірдің өзінде қолданыста», – деді ол.
Сөз соңында Бундесрат Президенті қазақ халқын ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтап, елге табыс, өркендеу және амандық тіледі.
Берлинде өткен салтанатты қабылдау Қазақстан мен Германия арасындағы достық және серіктестік қатынастардың беріктігін тағы да айқындай түсті.