Берлин, 2025 жылғы 20 қазан – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының құқықтық негізін қалаған маңызды тарихи құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Берлинде Қазақстанның Германиядағы Елшілігі ұйымдастырған көрме өтті.
Іс-шараға Германияның мемлекеттік, қоғамдық, мәдени және ғылыми орта өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері мен неміс бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. Қонақтар заманауи Қазақстанның қалыптасу тарихымен, жетістіктерімен және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесімен танысты.
Көрме экспозициясында Қазақстанның табиғи және мәдени әралуандығын бейнелейтін фотосуреттер, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі киіз үйі инсталляциясы ұсынылды. Киіз үй – қазақ халқының қонақжайлылығын, ұрпақтар сабақтастығын және бай рухани мұрасын бейнелейтін ұлттық символ.
Көрменің ерекше бөлімі – неміс тіліне аударылған қазақ жазушыларының еңбектері жинақталған Қазақ кітапханасы. Қонақтар қазақ әдебиетіне зор қызығушылық танытып, елдің дәстүрі мен заманауи өнері туралы сұрақтар қойды.
Өз сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов мерейтойлық күннің символдық мәнін және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи маңызын атап өтті. Дипломат Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін, елдің экономикалық даму, инновация және мәдени алмасу салаларындағы күш-жігерін ерекше атап көрсетті.
Көрме Елшілік өткізетін мәдени іс-шаралар сериясының бір бөлігі болып табылады. Бұл бастамалар екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, мәдени диалогты дамытуға және елдің халықаралық беделін арттыруға бағытталған.