Астана, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық жұмыс тобының 15-ші отырысы өтті. Кездесу екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін және олардың практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бейілділігін растады.
Германия делегациясының құрамында Қазақстан астанасына мемлекеттік органдар мен салалық ведомстволық бағынысты ұйымдардың 40-қа жуық өкілдері, сондай-ақ неміс Сауда-өнеркәсіп палатасының, Германия экономикасының шығыс комитетінің, бірқатар ірі компаниялардың басшылығы келді.
Отырысты оның тең төрағалары: Қазақстан атынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Германия атынан Экономика және энергетика федералды министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Ральф Бёме жүргізді. Тараптар ағымдағы күн тәртібі мен алдағы жобаларға жан-жақты шолу жасады.
Үкіметаралық жұмыс тобы стратегиялық серіктестікті нығайту мен сауданы ұлғайтудан бастап өндірістегі ынтымақтастыққа, жеткізу тізбегінің тұрақтылығы мен технологиялармен алмасуға дейінгі мазмұнды талқылаулар үшін негізгі платформа ретінде қызмет етеді. Қатысушылар екі экономикаға да жылдам мультипликативті әсер ете алатын салаларды анықтады.
Отырыс қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
- Deutsche Bahn және QazIndustry АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум
- Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Экономикалық істер және энергетика федералды министрлігі арасындағы шағын және орта кәсіпкерлік үшін «Partnering in Business with Germany» сауданы жеңілдету бағдарламасы және «Іскерлік байланыстар» құралы бойынша бірлескен ниет туралы мәлімдеме.
- Қазақстан Даму Банкі мен AKA Bank арасындағы Экспорттық несие агенттігінің қаражатын пайдалана отырып қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, жаңа бірлескен кәсіпорындарды ашуға, энергетикалық, азық-түлік және шикізат қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік жаңғыртудың негізі ретінде технологиялар трансферті мен цифрландыруға өзара мүдделі екенін растады. Келесі қадам жобаның жол карталары мен іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі көрсету болады.