Берлин, 2025 жылғы 27 тамыз - Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжановтың Бранденбург Федералдық жерінің ауыл шаруашылығы, азық-түлік, қоршаған ортаны және тұтынушылардың құқықтарын қорғау министрі Ханка Миттельштадтпен кездесуі өтті.
Тараптар өзара тиімді өзара іс-қимылды кеңейту үшін жоғары әлеуетін атап өтіп, ауыл шаруашылығы, энергетика секторы және білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің спектрін талқылады.
Елші Нұрлан Онжанов Бранденбург Федералдық жерімен ынтымақтастықты тереңдету ауыл шаруашылығында, тұрақты дамуда, цифрландыруда және ғылыми-білім беру саласында жаңа көкжиектер ашатын Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын дамытудағы маңызды бағыт болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан-Германия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы алмасу өткен ғасырдан бастау алатын өте ұзақ және жемісті дәстүрлерге ие.
Аталған дәстүрді сақтау мақсатында Бранденбург Федералдық жерінің ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және климат министрлігінің қолдауымен (MLEUV), Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің және «Apollo e.v.» неміс қауымдастығының Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің (Алматы қ.) және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (Орал қ.) студенттерін өңірдің жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибелік оқыту жобасы табысты іске асырылуда», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Министр Ханка Миттельштадт бағдарламаның кадрлық әлеуетті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, оның тәжірибелік құндылығын атап өтті. Ол ынтымақтастықтың табыстылығын атап өтіп, білім мен озық тәжірибемен алмасуға бағытталған бастамаларды одан әрі қолдауға дайын екендігін білдірді. «Өзара оқыту үдерісі елдеріміздің достық қарым-қатынастарын ғана емес, сонымен қатар Еуропадағы, Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі ауыл шаруашылығының болашағы бойынша бірлескен жұмысты нығайтады. Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың артуы аясында бұл білім беру жобасының да саяси құндылығы жоғары», – деп белгіледі министр.
Бранденбургтің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибеден өткен қазақстандық студенттер өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи агротехнологиялармен және басқарушылық тәсілдермен танысуға мүмкіндік бергені үшін қазақстандық және неміс тараптарына алғысын білдірді.
Бранденбург жері - елдің астанасы Берлиннің айналасында орналасқан Германиядағы ең ірі федералдық жерлерінің бірі. Аймақ дамыған ауыл шаруашылығымен, заманауи ауыл шаруашылық кәсіпорындарымен, сондай-ақ экологиялық және климаттық стандарттардың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Бранденбург аграрлық сектордағы инновацияларды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады және Қазақстан Республикасымен білім беру және экономикалық ынтымақтастықта маңызды серіктес болып табылады.