Берлин, 2025 жылғы 3 шілде - Берлиндегі ҚР Елшілігінде «Болашақ» бағдарламасы аясындағы «500 ғалымға тағылымдама» стипендиялық бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуге келген 27 жас қазақстандық ғалымдар топпен кездесу өтті. Бағдарлама «Жасыл технологиялар және тұрақты даму» тақырыбына арналған.
Ғалымдар тобының құрамына Қазақстанның түрлі ғылыми-зерттеу институттарының, университеттерінің және салалық ұйымдарының өкілдері кірді. Қатысушылар Германиядағы жетекші зерттеу орталықтарында және «жасыл технологиялар» мен тұрақты даму саласына маманданған компанияларда өздерінің ғылыми жобаларын жүзеге асыруда.
Кездесу барысында ҚР Елшісі Нұрлан Онжанов қазақстандық шетелдік дипломатиялық өкілдіктің қызметі мен негізгі міндеттері туралы кеңінен айтып, Қазақстан мен Германия арасындағы гуманитарлық, ғылыми және білім беру байланыстарын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты ұлттық экономиканы жаңғырту мен жаһандық ғылыми кеңістікке кірігу жолындағы маңызды элемент ретінде атап өтті.
Елші Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жанында құрылған Қазақстан-Германия ғылыми-зерттеу орталығының қызметі мен келешегі туралы айтып беріп, осы ғылыми орталық аясында алдағы уақытта бірлескен жұмыс үшін Германиядағы серіктестермен мақсатты байланыс орнатудың маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ, дипломатиялық өкілдіктің басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру, ғылым және инновациялар саласындағы қазіргі бірлескен жобалар туралы ақпаратпен бөлісті. Ол шетелде қазақстандық мамандар мен зерттеушілерге деген сұраныс отандық ғылымның жоғары деңгейі мен әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қонақтар Елшілік жанындағы музейдің Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған тұрақты экспозициясымен танысып, дипломатиялық өкілдік аумағына орнатылған киіз үйіне кіріп, ұлттық қазақ символикасымен, тұрмыс элементтерімен және дәстүрлерімен танысты.
Кездесу Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететін ашық әрі мазмұнды диалог рухында өтті.
2021 жылы іске қосылған «500 ғалымға тағылымдама» бағдарламасы - «Болашақ» стипендиялық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба. Ол қазақстандық зерттеушілерге, оқытушыларға және мамандарға әлемнің жетекші ғылым және білім беру орталықтарында қысқа және орта мерзімді ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның негізгі мақсаты - біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу және Қазақстан үшін басым салаларда: «жасыл» технологиялар, медицина, инженерия, цифрландыру және тұрақты даму бағыттарында озық ғылыми әдістерді енгізу.