Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің отырысы өтті

2025 ж. 20 мамырда Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 16-отырысы өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басшылығы, министрліктер мен жетекші отандық кәсіпкерлер қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары болды.

«Біздің алаң шынымен де аса сұранысқа ие әрі пайдалы платформаға айналды. Мұндай кездесулер екі тарапқа да өзара «сағаттарын теңестіруге», өзекті мәселелерді анықтауға және бизнес қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің алдағы қадамдарын талқылауға мүмкіндік береді. Қатысушылар санының тұрақты өсуі мен күн тәртібінің барынша практикалық сипатқа ие болып келе жатқаны қуантарлық жайт», – деді Қазақстан тарапынан кеңестің теңтөрағасы Роман Скляр.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшиннің айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық және саяси өзара іс-қимылды кеңейтуде ерекше орынға ие.

«Германия – әлемдегі жетекші экономикалардың бірі ретінде Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі. Сонымен қатар, Қазақстан Германияның сыртқы сауда серіктестері арасында үздік 50 елдің қатарына еніп, 2024 жылғы қорытынды бойынша 43-орынды иеленді. Бұған қоса, Қазақстан – Германия үшін Орталық Азиядағы басты серіктес. Аймақ елдерімен Германияның жалпы сыртқы сауда айналымының 83%-ы біздің елімізге тиесілі», – деді Қазақстан тарапынан кеңестің теңтөрағасы Рустам Қарагойшин.

Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық берік инвестициялық негізде дамуын жалғастыруда. Linde, Heidelberg Materials, CLAAS, Horsch, WIKA және Zollman сынды компаниялардың қатысуымен күн электр станциясы, цемент және машина жасау зауыттары, геологиялық зерттеу зертханасы және басқа да өнеркәсіптік нысандардың құрылысы сәтті жүзеге асырылды.

Қазақстан Германияны стратегиялық басымдықтарды іске асырудағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Әсіресе, қосылған құны жоғары және технологиялық серіктестікке бейім салаларда – өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, логистика, металлургия, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен.

Германиямен өзара іс-қимыл энергетика саласын жаңғыртуға, цифрлық трансформация мен өндірістегі инновацияларды енгізуге бағытталған жоғары технологиялық әрі тұрақты шешімдер тұрғысынан да өзекті болып отыр. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі институционалдық көпір ретінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін түрлі қаржылық құралдарды – бірлескен инвестициялаудан бастап кепілдік механизмдерге дейін ұсынуға дайын. Қазақстанның экономикалық мүдделері мен стратегиялық мақсаттарының тоғысқан осы бағыттарында Германиямен ұзақ мерзімді серіктестік үшін нақты әрі кеңейтілетін мүмкіндіктер ашылуда.

Кеңес аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, технологиялық серіктестікке және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен KfW Development Bank, сондай-ақ «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС мен IMI zimmermann & jansen technologies gmbh арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар, «Жезқазғанредмет» РМК мен DAR Metall AG арасындағы ынтымақтастық туралы келісім және Қазақстанның Даму Банкі мен KfW Development Bank арасындағы қаржыландырудың негізгі шарттары келісілді.

Германия экономикасының Шығыс комитетінің Бас директоры, кеңестің Германия тарапынан теңтөрағасы Михаэль Хармс Қазақстандағы іскерлік ахуалдың тұрақтылығы мен болжамдылығы, құрылымдық реформалар мен технологиялық серіктестікке дайындығы бұл елді Германия үшін Орталық Азиядағы басты әріптестердің біріне айналдыратынын атап өтті.

«Неміс компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықта зор әлеует бар екенін көріп отыр және экономиканың басым секторларында – шикізатты қайта өңдеуден бастап жоғары технологиялық машина жасауға дейін – өз қатысуын кеңейтуге дайын», – деді ол.

Іскерлік кеңес аясында панельдік сессиялар ұйымдастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету жолдары мен бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланды. Германия тарапынан сарапшылар ретінде Германия Аграрлық альянсының бас директоры Пер Бродерсен және KfW Banken Group, KfW IPEX-Bank GmbH, ODDO BHF SE, AKA Bank және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасу нәтижелері өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.