Сербияда Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселелері талқыланды

Сербияда Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселелері талқыланды

Белград, 2025 жылғы 19 мамыр – Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған Қазақстан делегациясы мен SCAT әуе компаниясының басшылығы Белградқа келіп, Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді.

Сербияның Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрі Александра Софрониевичпен кездесу барысында қазақстандық әуе компаниясының рейстері жүзеге асырылатын мемлекетаралық нормативтік құқықтық актілер талқыланды. Бұл ретте азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін құқықтық базаны кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы барлық саладағы қарым-қатынастардың дамуына тың серпін беретіні баса айтылды.

Сербияның Air Serbia ұлттық әуе компаниясының басшылығымен кездесу барысында қазақстандық SCAT Airlines әуе тасымалдаушысының өкілдері екі астана арасындағы тікелей рейсті пайдаланудың техникалық жай-күйін және оның келешегін талқылады.

Жобаның коммерциялық тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Сербияның туризм департаменттері мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлінді. Сербия Республикасының Туризм және жастар вице-министрлері В.Ракичпен және А.Вукичевичпен, сондай-ақ, Сербияның Ұлттық туристік агенттіктер қауымдастығының басшылығымен кездесулер Орталық Азия мен Батыс Балқан арасындағы «әуе көпірін» құруға жоғары әлеует пен қызығушылықты растады.  Бұл өз кезегінде туризм, бизнес және мәдени саладағы қарым-қатынастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.