Сербияда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақстандық жауынгерлерді еске алды

Сербияда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақстандық жауынгерлерді еске алды

Белград, 2025 жылғы 9 мамыр - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Сербия астанасында «Белградты азат етушілер» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәди Атамқұлов қатысып, қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты рәсім Белградты азат еткені үшін қаза тапқан Кеңес армиясының жауынгерлері мен Югославия халық-азаттық Армиясының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешенде өтті.

Ресми рәсімге Сербия Парламенті мен Үкіметінің, Белград мэриясының, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, сондай-ақ,  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қаза тапқандарды еске алу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалып, құрметті қарауыл батырларға құрмет көрсетті.

Белградты азат етушілерге арналған ескерткіш 1954 жылы ашылып, фашизмді жеңгендердің құрметіне алғашқы мемориалдық кешен болды. Ескерткіш аймағында елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған 818 кеңес сарбазы мен 1395 югославиялық жауынгерлер жерленген.

Осы атаулы күні қазақ дипломаттары Ягодина, Суботица және Зренянин қалаларындағы кеңестік азат етуші жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдеріне қатысты.

Тарихи фактілер аясында Қазақстанның Югославияны азат етуге қатысуы ерекше маңызға ие: Белград үшін шайқастарда Қазақстан аумағында құрылған 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысты.

Бүгінгі таңда бұрынғы Югославия аумағындағы соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен 200-ге жуық қазақстандықтардың есімдері анықталды.

Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Елшілігі тарихи жадыны сақтауға, ата-бабалардың ерліктерін мәңгі сақтауға, сондай-ақ, қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлерін іздеуге және белгілеуге бағытталған белсенді әскери-мемориалдық жұмыс жүргізуде.

Мұрағаттық деректерді зерттеу және батырлардың есімдері туралы мәліметті қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.