Сербияда тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Сербияда тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нови-Сад, 2024 жылғы 6 наурыз – Елшіліктің Серб тұқым шаруашылығының әлеуетін зерделеу, сондай-ақ екі елдің ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмысын жалғастыру мақсатында Қазақстанның Сербиядағы Елшісі М.Атамқұлов Нови-Сад қаласындағы Егін және көкөніс өсіру шаруашылығы институтына («NS Seme») барды.

Институт басшылығымен әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат дәнді, майлы және көкөніс дақылдарының бірлескен гибридтерін құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымына арналған тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру және ғылыми кадрларды даярлау сияқты отандық тұқым шаруашылығының өзекті мәселелеріне тоқталды. Практикалық диалогты жалғастыру үшін серб тарапын Қазақстанда «Jańa Dala/Green Day» мамандандырылған көрмесін өткізу туралы хабардар етті.

Өз кезегінде институт басшылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметі туралы ақпарат бере отырып, бірқатар қазақстандық аграрлық университеттермен және компаниялармен жұмыс істеу тәжірибесін ескере отыра Қазақстанмен ынтымақтастық орнату «NS Seme»-нің үлкен қызығушылығын тудыратынын атап өтті. Олар қазақстандық жас ғалымдарды институтта тағылымдамадан өтуге қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.

Нови-Сад қаласындағы Егін және көкөніс өсіру шаруашылығы институты («NS Seme») 1938 жылы құрылған. Институт генетика және селекция, тұқым шаруашылығы, микробиология, физиология және биохимия, агрохимия, топырақ мелиорациясы, фитопатология, энтомология, фитофармацевтика және токсикология, т.б. сияқты биотехникалық ғылымдар салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.