Қазақстандық қарақұмық экспорты Сербияға жетті

Қазақстандық қарақұмық экспорты Сербияға жетті

Чента, 2022 жылғы 8 шілде – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербияның Средне-Банатский ауданы Чента елді мекенінде орналасқан сербиялық ұн тартатын «Vega ADM» компаниясына барды.

Қазақстан Елшілігі мен Қостанай облысы әкімдігінің бірлескен күш-жігерімен 2022 жылдың көктемінен бастап қазақстандық «Мибеко» компаниясы Сербиядағы ұнтақ және түйіршіктелген өнімдер, сондай-ақ тұтас дәнді ұнның әртүрлі түрлерін шығарып, 65 түрден астам өнім өндіретін «Vega ADM» комбинатына қарақұмықтың алғашқы үш жеткізілімін жасады.

Ағымдағы жылдың наурыз айында отандық қарақұмық үлгілерін жеткізу ұйымдастырылып, зертханалық зерттеулердің нәтижелері үздік сапа көрсеткіштерін көрсетті.

«Қазақстандық қарақұмықты зерттегеннен кейін біз оның үздік сипаттарына көз жеткіздік және жаңа ынтымақтастықты қуана бастадық. Бастапқыда біз өзіміз бастама білдіріп, Қазақстан Елшілігіне жүгіндік. Дипломатиялық өкілдіктің осы үдеріске қолдау көрсетіп, және қазақстандық компанияға қатысты өз ұсыныстарын беруі бізге толық сенімділік берді»,

– деп бөлісті сербиялық «Vega ADM» басшысы Анджелко Гаврилович.

Қостанайлық «Мибеко» ЖШС-нің өкілі Мирзамуким Қадыровтың айтуынша, олардың компаниясы бұрын Украинаға өнім экспорттаумен айналысқан, бірақ әскери әрекеттерінің басталуына байланысты сыртқы сауданы жоғалтқан:

«Біз үшін қарақұмық пен басқа да өнімдерді экспортқа бағыттау үлкен маңызға ие, өйткені былтырғы астық қоры әлі жеткілікті. Ал Украинадағы оқиғалар бізге оқыстан тиді. Бірақ күтпеген жерден бізге Қостанай облысы әкімдігінің сыртқы экономикалық басқармасынан қоңырау шалып, Сербияға экспортты ұйымдастыруды ұсынды. Біз үшін бұл нағыз қолдау болды және өте уақтылы болды».

Сондай-ақ, Анджелко Гаврилович өз сөзінде:

«Бұған дейін біз қарақұмықты ресейлік компаниялардан сатып алатынбыз, бірақ биылғы жылдың наурыз айынан бастап Ресей Федерациясында азық-түлік экспортына тыйым салынды. Біздің өндіріс үдерісімізге жаңа жеткізушілер қажет болды. Осылайша, біз өзіміз үшін Қазақстанды аштық, әрі бұған өте қуаныштымыз. Сапамен қатар, тауардың ұсынылған бағасы да бізді қанағаттандырды. Сөйтіп, Қазақстаннан жиырма тонналық үш жүк көлігін қабылдадық. Тағы да күтудеміз», – деп атап өтті.

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов:

«Әлемде бірінен соң бірі орын алып жатқан келеңсіз факторлар бизнес пен шаруашылықтар үшін де, бүкіл әлем бойынша адамдар үшін де сынақ болды. Осыған орай, Қазақстан басшысы Қ.Тоқаев еліміздегі және шетелдегі түрлі мінбелерде мемлекеттің күш-жігері – халық мүддесі бәрінен де жоғары деген моральдық императивке бағындырылуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан Қазақстан аймақтарындағы экспорттаушыларды қолдау экономикалық дипломатияның және Қазақстан Республикасы елшіліктерінің тәжірибесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Белгілі бір себептермен басқа елдерде қалыптасқан және үйреншікті сату нарықтарын жоғалтқандар үшін экспорттық баламаларды табуда көмек көрсету маңызды», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, Елшінің пікірінше, бүгінгі таңдағы күрделі үдерістер аясында экспортты қолдау маңызға ие, өйткені отандық компанияларға валюталық түсімдердің тікелей ағымдары олардың тұрақтылығына ықпалдасады және бұл жалпы ел экономикасына оң әсер етеді.