Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің «Земун Поле» жүгері институтына баруы туралы

Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің «Земун Поле» жүгері институтына баруы туралы

Елшіліктің ауыл шаруашылығы саласындағы, атап айтқанда, тұқым шаруашылығы және агрокультуралардың жаңа сорттарын іріктеу бағытындағы Қазақстан-Сербия ынтымақтастығын жандандыру жөніндегі қызметі шеңберінде, ү.ж. 31 наурызда Қазақстан Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербияның жетекші «Земун Поле» жүгері институтына барып, ғылыми-зерттеу жұмысы секторының директоры Ненад Деличпен, тұқым шаруашылығы секторының директоры Горан Тодоровичпен, ғылыми және техникалық ынтымақтастық департаментінің басшысы Йован Павловпен, сондай-ақ өзінің кәсіби қызметінің 27 жылдан астам уақытын институттың Қазақстандағы жобаларын іске асыруға арнаған «Земун Поле» компаниясының бұрынғы директоры профессор Лазар Коичпен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында Ғ.Сыздықбеков жүгері институтының қызметімен және жобаларымен танысып, Қазақстандағы мемлекеттік және жеке құрылымдарды тарта отырып, өзара іс-қимылды кеңейту әлеуетін талқылады (бірлескен селекциялық жұмыс, білім беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндіріс құру және т. б.).

Сапар барысында Ғ.Сыздықбеков Институтқа тиесілі тұқым өндіретін зауыттың өндірістік қуаттарын, сондай-ақ құрамында жүгерінің түрлі сұрыптарының 6 мыңға жуық үлгісі бар гендік банкті аралап көрді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Елшісі мен «Земун Поле» өкілдері ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін және өзара мүдделіліктерін білдірді.