Қазақстан мен Сербия екіжақты қатынастарды жан-жақты ілгерілетуге мүдделі

Қазақстан мен Сербия екіжақты қатынастарды жан-жақты ілгерілетуге мүдделі

Ү.ж. 22 ақпанда Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасының Сыртқы істер министрі Никола Селаковичпен кездесті.

Қазақстандық дипломат Нұр-Сұлтан мен Белград арасындағы қарым-қатынастардың дәстүрлі достық және сенімді сипатын атап өтті. Қазақстан Сербияға аумақтық тұтастықты сақтау қағидатын негізге ала отырып, Косово және Метохия мәселелері бойынша әрдайым қолдау көрсетуге ниетті екенін атап көрсетті.

Ғ.Сыздықбеков өз сұхбаттасушысын ү.ж. 10 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау туралы, саяси және экономикалық салалардағы реформалардың дәйектілікпен жалғасуы, соның ішінде ел Президенті Қ. Тоқаев жариялаған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру барысы туралы хабардар етті.

Министр Н.Селакович жақында Белградта Қазақстан Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды табысты дамытуға мүмкіндік беретінін баса айтып өтті.

Сындарлы сұхбаттың жалғасы ретінде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін талқылады.

Атап айтқанда, осы жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Сербияға сапарын ұйымдастыру, екі министрліктің саяси консультацияларын және Қазақстан мен Сербияның сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 3-отырысын өткізу мүмкіндігі туралы әңгіме болды. Екі ел үкіметтерінің COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимылы жөніндегі шаралары да талқыланды.

Сонымен қатар, Елші Ғ.Сыздықбеков ағымдағы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толатындығын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мерекеленетінін атап өтті. Осыған байланысты Елшілік бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғаны жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Тараптар Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттілігі мәселесін талқылап, осы бағыттағы жұмысты күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Бұдан бөлек тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту мәселелеріне, атап айтқанда, келісімдер мен меморандумдардың келісілген жобаларына жедел қол қоюына ерекше назар аударды.

Министр Н.Селакович Косово және Метохия мәселесі бойынша Сербияға бұлжымас қолдау көрсеткені үшін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялағаны үшін Қазақстанға өзінің шынайы алғысын жеткізді, осы құжатты іс жүзінде жүзеге асыру Сербия мен аталған одаққа мүше мемлекеттер, әсіресе Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.