Сербиялық беделді қордың марапаты Түркі мәдениеті ұйымының басшысына табыс етілді

Сербиялық беделді қордың марапаты  Түркі мәдениеті ұйымының басшысына табыс етілді

Қазақстан Республикасының Сербиядағы Елшілігінде ағымдағы жылдың 9 желтоқсан күні ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке «Ағайынды Каричтер» қорының мәдениет және өнер саласындағы сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Сербия Республикасының Парламенті - Халықтық Скупщина депутаты, «Қазақстан достары клубының» мүшесі Драгомир Карич мырза әлем елдері арасындағы ынтымақтастық, достық, мәдени әрі бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Д.Қасейіновке осы атаулы сыйлықты ресми табыстады.

Карич қоры жыл сайын бейбітшілік, халықтар арасындағы достықты нығайту; мәдениет пен өнер; экономика және басқа да салалардағы түрлі аталымдар бойынша дүние жүзіне танымал тұлғалардың елеулі еңбегі мен белсенді қызметтерін атап өтеді.

Биыл дүние жүзінің басқа елдеріндегі секілді Сербияда да орын алған пандемия жағдайына орай дәстүрлі «Ағайынды Каричтер» сыйлығын тапсыру рәсімі бұрынғыдан айрықша ахуалда өтті, сонымен қатар оған Сербиядағы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің Елшілері толығымен қатысты.

Ал 2015 жылы Қазақстан мен Сербия халықтары арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін сыйлықтың лауреат атағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа зор құрметпен берілген болатын. Сондай-ақ сыйлық иегерлері арасында дүние жүзіне әйгілі Владимир Путин, Жорес Алферов, Сербия Патриархы Ириней, Эмир Кустурицу, Новак Джокович секілді басқа да белгілі тұлғалардың бар екенін атап өтуге болады.