Қазақстан - Сербия ғылыми ынтымақтастығы Белградта талқыланды

Қазақстан - Сербия ғылыми ынтымақтастығы Белградта талқыланды

Белград, 2026 жылғы 8 шілде — Сербия Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев бастаған делегация «Винча» институтына барып, ядролық ғылым және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен тәжірибе алмасуға арналған кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін, кәсіби байланыстарды кеңейтуді және халықаралық әріптестікті дамытуды талқылады.

Қазақстандық тарап келесі жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының қызметін таныстырды.

Сол күні Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының бас директоры С. Сахиевті Қазақстан Республикасының Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі М.Атамқұлов қабылдады.

Кездесу барысында ғылым, инновациялар және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану салаларындағы Қазақстан–Сербия ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша одан әрі ынтымақтастықтың институционалдық негізін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ядролық физика институты мен Сербияның серіктес ғылыми-зерттеу институттары арасында өзара түсіністік туралы меморандумды дайындау және оған қол қою мәселесін пысықтауға уағдаласты.

Қазақстан Елшісі екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды тетігі ретінде ғылыми дипломатияның рөлін атап өтіп, екі елдің бейінді ғылыми мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға Елшіліктің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сербияның ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, озық білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылыми-техникалық саладағы әріптестікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.