
Мемлекет басшысы Alem.ai орталығына барып, жасанды интеллект, цифрлық экономика және елдің заманауи білім беру экожүйесін дамытуға бағытталған негізгі бастамалармен танысты.
Alem.ai орталығы ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары мен стартап-бастамалар үшін платформа болып табылады, сондай-ақ ЖИ саласындағы қолданбалы шешімдерді енгізумен айналысады. Іске асырылып жатқан жобалар жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқаруға, бизнеске және күнделікті өмірге енгізуге бағытталған, бұл Қазақстанның технологиялық дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру стратегиялық бағытына сәйкес келеді.Сапар барысында білім беру бастамаларына ерекше назар аударылды, оның ішінде әртүрлі жас санаттарына арналған заманауи оқу платформаларын дамыту маңызды орын алады.
Осындай жобалардың бірі - TUMO Astana креативті технологиялар орталығы. Арменияда құрылған және халықаралық деңгейде сәтті дамып келе жатқан TUMO жобасы 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге бағытталған және заманауи цифрлық әрі креативті дағдыларды тегін меңгеруге бірегей мүмкіндік береді.
Оқу бағдарламасы 11 бағытты қамтиды, соның ішінде:
➤ генеративті жасанды интеллект;
➤ бағдарламалау;
➤ ойын әзірлеу;
➤ анимация және 3D модельдеу;
➤ робототехника;
➤ кино және цифрлық музыка.
TUMO-ның халықаралық деңгейде тиімділігін дәлелдеген моделі өзіндік оқытуды практикалық зертханалармен ұштастыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде жастарда болашаққа қажетті қолданбалы дағдылар қалыптасады.
Тағы бір маңызды бағыт - ересектерге арналған білім беру жүйесі. Президент тапсырмасы бойынша Astana Hub базасында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылып, ол бүкіл ел бойынша кеңейтілуде. Телемост форматында Қазақстанның 14 өңірінде мектеп желісін іске қосу басталды, мұнда оқу тегін әрі 18 жастан асқан барлық азаматтарға қолжетімді болады.
Сапар барысында сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды, оның ішінде бірыңғай AI-платформа негізінде қалалық ортаны басқарудың кешенді жүйесі - «Astana Smart City» жобасының іске қосылуы, сондай-ақ Alem.ai базасында ЖИ саласындағы зерттеу университетін құру тұжырымдамасы ұсынылды.
Осылайша, Қазақстанда TUMO креативті технологиялар орталығын дамыту жаңа буын кадрларын даярлау экожүйесінің маңызды бөлігіне айналуда, креативті білім беруді, технологияларды және практикалық дағдыларды біріктіреді. Жоба жастардың заманауи білімге қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, елдің жаһандық цифрлық күн тәртібіндегі позициясын нығайтады.