
Белград, 2026 жылғы 12 ақпан – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Воеводина автономиялық өлкесіне жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Қазақстан дипломаты Өлкелік үкімет төрайымы Майя Гойковичпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірлер мен қалалар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара қызығушылық бар екені атап өтілді.
Елші М.Атамқұлов өңіраралық диалогты қарқынды дамыту ауыл шаруашылығы, IT жобалар, цифрландыру, логистика, білім беру және туризм сияқты салалардағы әріптестік әлеуетін ашуға ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде, М.Гойкович ханым серб тарапының 2016 жылы қол қойылған келісімді жаңа экономикалық, инвестициялық, жасанды интеллект, биотехнология, мәдениет және спорт салаларындағы мүмкіндіктерді ескере отырып жаңартатын Воеводина мен Алматы облысы арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа құжатқа қол қою ниетін растады.
Сапарды жалғастыра отырып, Елші Нови-Сад қаласындағы «NS Seme» Далалық және көкөніс дақылдары ұлттық институтына барып, оның басшылығымен кездесу өткізді.
Қазақстан дипломаты отандық тұқым шаруашылығы үшін өзекті мәселелерді, атап айтқанда, дәнді, майлы және көкөніс дақылдарының бірлескен гибридтерін әзірлеу, сондай-ақ, аграрлық ғылым үшін ғылыми кадрларды даярлау мен тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелерін атап өтті.
Өз кезегінде Институт басшылығы ғылыми-зерттеу қызметі туралы ақпарат бере отырып, Қазақстанмен ынтымақтастық орнату «NS Seme» үшін үлкен қызығушылық тудыратынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстанның бірқатар аграрлық жоғары оқу орындары мен компанияларымен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтіп, Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниетін растады.
Воеводина автономиялық өлкесі Сербияның солтүстігінде орналасқан. Өлкенің әкімшілік орталығы әрі ең ірі қаласы — Нови-Сад.
Воеводина Сербияның ірі аграрлық, энергетикалық, логистикалық және инновациялық өңірі болып табылады. Өлке аумағында Панчево қаласындағы мұнай өңдеу зауыты, «NS Seme» Далалық және көкөніс дақылдары ұлттық институты, BioSense – Биожүйелердегі ақпараттық технологиялар ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ, Сербияның Жасанды интеллект институты сияқты негізгі өндірістік және ғылыми орталықтар орналасқан. Воеводинаның орталығы Нови-Сад қаласы 2026 жылы Еуропаның спорт қаласы мәртебесіне ие болды.
Сербия Республикасының Статистика басқармасының деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Сербия арасындағы сауданың 90%-ы Воеводинаға тиесілі (813 млн еуро).
Нови-Сад қаласындағы Далалық және көкөніс дақылдары институты («NS Seme») 1938 жылы құрылған. Институт генетика және селекция, тұқым шаруашылығы, микробиология, физиология және биохимия, агрохимия, топырақты мелиорациялау, фитопатология, энтомология, өсімдіктерді қорғау және токсикология және басқа да биотехникалық ғылымдар салаларында зерттеулер жүргізеді.
«NS Seme» институтының күнбағыс генетикалық қоры әлемдегі ең ірісі болып табылады. Институт әлемнің 34-тен астам еліне екі мыңға жуық тұқым түрін жеткізеді.