Қазақстанның туристік әлеуетін Еуропадағы ең ірі баскетбол жарысында ілгерілету

Қазақстанның туристік әлеуетін Еуропадағы ең ірі баскетбол жарысында ілгерілету

Белград, 2026 жылғы 5 ақпан – Еуропадағы ең ауқымды спорттық оқиғалардың бірі – Белградтың «Партизан» және Афинаның «Панатинаикос» клубтары арасындағы баскетбол Еуролигасының матчы аясында Қазақстанның туристік әлеуеті, сондай-ақ, Астана–Белград тікелей әуе рейсінің жуырдағы ашылуы таныстырылды.

Қазақстан Елшілігінің бастамасымен «Белград Аренада» өткен матчта жиналған 18 мың көрерменнің арасында интерактивті акция ұйымдастырылып, кездейсоқ таңдалған жанкүйерлер «Партизан» клубы ұсынған айып добын лақтыру конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Ойын жеңімпазына арналған жүлде – Қазақстанға екі адамға арналған туристік сапар сертификатын Қазақстан Республикасының Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов табыс етті. Жеңімпазды құттықтай отырып, қазақстандық дипломат көпмыңдық аудиторияны Қазақстанға саяхаттауға шақырды.

Конкурс атмосферасын аренаның экрандарында көрсетілген «Born Bold Kazakhstan» туристік роликтері, қазақстандық SCAT Airlines әуе компаниясы ашқан Астана–Белград тікелей рейсінің промобейнежазбасы, сондай-ақ баскетбол жанкүйерлеріне «Born Bold Kazakhstan» жазуы бар футболкалар мен бейсболкаларды таратқан қазақтың ұлттық киіміндегі қыздар көзге айшықтай түсті.

Баскетбол Еуролигасы танымалдылығы мен медиа қамтуы бойынша құрлықтағы спорттық жарыстар арасында екінші орында тұр. Еуролиганың тұрақты маусымы әлемнің 199 елінде көрсетіледі, теледидар аудиториясы 1 миллиардтан астам көрерменді құрайды.

Конкурс жеңімпаздарының әуе билеттерін сатып алуға байланысты барлық шығындар сербиялық туристік ұйымдастырушылар мен кәсіпкер Драгиша Мартинович тарапынан толықтай өтеледі.