Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе қатынасы ашылды

Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе қатынасы ашылды

Белград, 2025 жылғы 3 қараша – Сербия астанасына Қазақстанның SCAT Airlines әуе компаниясының Астана – Белград бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейсі келіп қонды.

Никола Тесла атындағы халықаралық әуежайда алғашқы рейс жолаушыларын Сербия Халық жиналысының (парламентінің) төрайымы Ана Брнабич және елдің Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрлігінің басшылығы қарсы алды.

А.Брнабич Сербия басшылығының атынан рейсті ашуға қосқан үлесі үшін Қазақстан тарапына алғысын білдіріп, бұл тікелей әуе қатынасы екі достас ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ, халықтар арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Сол күні тікелей әуе рейсінің іске қосылуына орай, БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы сапар аясында Сербия авиация басшылығымен кездесу өткізді.

Іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев сербиялық БАҚ өкілдеріне еліміздің көлік-логистика саласының дамуындағы жаңа үрдістер мен серіктестерге, соның ішінде, серб компанияларына, ашылып отырған өзара тиімді мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Т.Ластаев бұл бағыттың бизнес пен туризмді дамытуда зор маңызға ие болатынын атап өтіп, Сербия азаматтарын Қазақстанға визасыз сапар шегуге шақырды.

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов бұл әуе қатынасын ашу бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі екенін және бұл бастаманы Сербия Президенті Александр Вучич қолдағанын атап өтті. Елші тікелей әуе қатынасының Қазақстан мен Сербия халықтарын байланыстыратын достық көпірге айналатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, бұл оқиғаның екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың отыз жылдық мерейтойының қарсаңында жүзеге асқанының символдық маңызын ерекше атап өтті.

«SCAT» әуе компаниясының президенті Владимир Денисов серб тарапына компанияның әлеуетін таныстырып, оның Қазақстанды табысты түрде Еуропа мен Азия елдерімен байланыстырып, еліміздің Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын айтты.

Тікелей рейстер SCAT Airlines компаниясының заманауи әрі жайлы Boeing 737 ұшақтарымен аптасына екі рет орындалады. Ұшу уақыты 5 сағат 40 минутты құрайды.