Сербияның медиа кеңістігінде Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері туралы деректі фильмдер көрсетіледі

Сербияның медиа кеңістігінде Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері туралы деректі фильмдер көрсетіледі

Белград, 2025 жылғы 29 қазан – Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі серб ТВ Мост телеарнасымен серб тіліне аударылған Қазақстан туралы деректі фильмдер топтамасын көрсету жөнінде маңызды келісімге қол жеткізді.

Қазақстанның Арша Медиа продюсерлік орталығы түсірген деректі фильмдер сериясы Сербия және аймақтық көрермендерді Қазақстанның бірегей табиғи сұлулығымен таныстырады. Көрермендер Маңғыстау мен Шарын шатқалдарының әсем келбетін, Алтай ормандарының байлығын, Көкшетау мен Көлсай көлдерінің көркін, сондай-ақ, Түркістанның сәулеттік мұрасын тамашалай алады. Фильмдерде сонымен қатар, Алматы мен Астана мегаполистерінің заманауи тынысы бейнеленген.

Бұдан бөлек, туындыларда еліміздің тарихи және мәдени нысандарының сан алуандығы көрсетіліп, Қазақстанның бай табиғаты мен мәдени мұрасына терең шолу жасалады.

 Келісімге сәйкес, көрсетілім Сербия аумағының басым бөлігін қамтитын ТВ Мост телеарнасында 2025 жылғы 1 қарашада бастап жүзеге асырылады. Фильмдер алдағы екі жыл ішінде бірнеше рет көрсетіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, ТВ Мост бұл фильмдерді көрсету құқығын өңірдегі басқа телеарналарға, соның ішінде Черногория мен Босния және Герцеговинаға бермек. Бұл өз кезегінде аудиторияны барынша кеңейтіп, Қазақстанға деген қызығушылықты арттыра түсетін болады.

Аталған бастаманың ерекше маңыздылығы бұл фильмдер 2025 жылғы 3 қарашада Астана–Белград бағыты бойынша ашылатын жаңа тікелей әуе рейсін ілгерілетуге ықпал ететін тиімді платформаға айналады. Сондай-ақ, жоба Қазақстанның батылдығы мен ашықтығын айқындайтын Born Bold атты халықаралық имидждік науқанын насихаттауда да қолданылатын болады.