Белград, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Сербия Республикасының астанасында Scat Airlines әуе компаниясы арқылы Астана мен Белград қалалары арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуына арналған ресми таныстырылым өтті.
Іс-шараға Сербияның туристік компаниялары, іскер топтар мен қауымдастықтары, сондай-ақ, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Презентацияны ашқан Қазақстанның Сербиядағы дипломаттары бұл «әуе көпірінің» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты барлық салада жандандыру бастамасы аясында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
Scat Airlines басшылығы мен Қазақстан туристік компаниялары еліміздің туристік әлеуетін таныстырып, жиналғандарды саяхатқа ең тартымды бағыттармен таныстырды.
Сербияның туристік агенттіктері жаңа тікелей рейске зор қызығушылық танытып, бұл әуе бағыт туристерге Қазақстанды ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Азияны ашуға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Scat Airlines әуе компаниясы таныстырылымға қатысқан үш адамға Белград–Астана бағыты бойынша тегін билеттерді табыс етіп, 2025 жылғы 3 қарашадан бастап аптасына екі рет орындалатын рейстерге билеттердің сатылымы басталғанын хабарлады.