Қазақстан мен Сербия мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Сербия мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Белград, 2025 жылғы 11 маусым – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербияның Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару министрі Снежана Пауновичпен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және мемлекеттік қызмет пен басқару саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Елші министрге 2025 жылғы 20 маусымда Астанада өтетін «GovHR Forum: жаңа жүйелер, заманауи қызметтер, инновациялық шешімдер» форумына қатысуға ресми шақыруды табыстады. Қазақ дипломаты басқарудың тиімділігін арттыру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту үшін заманауи цифрлық шешімдерді пайдалануда әріптестікті дамытуға және тәжірибе алмасуға елдің қызығушылығын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында цифрландыру саласында, оның ішінде персоналды басқару және құжат айналымы саласында Қазақстанның технологияларын енгізу мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ, М.Атамқұлов Астанада орналасқан мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабпен ынтымақтастық орнатуды қарастыруды ұсынды. Бұл мемлекетаралық тәжірибелер мен инновациялар алмасуды дамытуға ықпал етуі мүмкін.        

Министр С.Паунович ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, серб тарапының Астанадағы форумға қатысу ниетін растады. Ол екі елдің мемлекеттік институттары жұмысының тиімділігін арттыру үшін цифрландыру саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.