Белград, 2025 жылғы 11 маусым – Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық диалогты ілгерілету мақсатында Белград қаласында қазақ-серб бизнес-клубының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мади Атамқұлов сөз сөйлеп, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды. Клуб төрағасы, серб кәсіпкері Александр Вуковичтің айтуынша, бұл клуб Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, екіжақты тауар айналымын кеңейтуге арналған маңызды құрал болмақ.
Іс-шараға өндірістік бизнес, фармацевтика компаниялары, ауыл шаруашылығы секторының өкілдері, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Бизнес-клубтың құрылуы диалог, ақпарат алмасу және жаңа іскерлік мүмкіндіктерді іздеу үшін тұрақты алаңға айналады. Ерекше назар Қазақстанға инвестиция тартуға бағытталмақ. Жақын арада бизнес-кездесулер, конференциялар мен тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді.