6 мамырда Қазақстанның Бейруттағы Елшісі Расул Жұмалы Ливан Президентінің адам құқықтары және діндер диалогы бойынша кеңесшісі Хабиб Ефреммен кездесті. Сұхбат барында екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығының бүгінгі жай-күйі және келешек көкжиектері сөз етілді. Өзекті тақырыптар қатарында өркениеттер арасындағы татуластық пен түсіністікті нығайту бойынша бірлескен іс-қимыл жүргізу екендігі айтылды. Бұл тұрғыда Хабиб Ефрем өз елінің Қазақстанның тиісті бағыттағы бастамаларына ат салысуға мүдделілігін, соның ішінде атап айтқанда Астанада өтетін Әлемдік діндер ғұламаларының съезіне үлкен қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Оның ойынша Қазақстанның да, Ливанның да бұл саладағы тарихи тәжірибесі мол және оны екіжақты, сондай-ақ көпжақты ықпалдастықтың игілігіне пайдаланған абзал. Өз кезегінде Елші соңғы жылдардағы аймақтық шиеленістің ауыр салдарынан Ливанның мейлінше тез арада айығып кетуіне тілектестік танытып, өзара байланыстарды дамытуда маңызды ақпаратпен алмасуға және қолайлы алғышарттарды қамтамасыз етуге дайындығын растады.