Ливандағы БҰҰ бітімгерлік миссиясына жұмыс сапары жайлы

Ливандағы БҰҰ бітімгерлік  миссиясына жұмыс сапары жайлы

29 сәуірде Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы болу елінің Израильмен шекаралас оңтүстік өңірінде жұмыс сапарымен болып қайтты. Осында Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясы (UNIFIL) Бейруттағы мүше елдердің дипломатиялық өкілдіктері үшін ұйымдастырған арнайы тур өткізілді. Контингенті көп ұлтты 10 мың жауынгерді құрайтын (сапында Қазақстаннан 3 сарбаз бар) аталған миссия екі елдің арасында қақтығыстарға жол бермеу, оның ішінде қауіпсіздік сақтау бойынша БҰҰ 1701 қарарының орындалуын, сондай-ақ өткен жылғы 27 қарашада Израиль мен ливандық «Хезболла» жасақтарының өзара атысты тоқтату келісімінің іске асу барысын бақылаумен айналысады. Бағдарлама шеңберінде UNIFIL күштерінің қолбасшысы Аролдо Лазарро шекара бойындағы «Көгілдір желекте» ағымдағы ахуал, шиеленістің алдын алу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Артынша шекарадағы халықаралық бітімгерлердің бекіністеріне, Израиль армиясы ішінара және толығымен қиратқан елді мекендерге шолу жасалды.