28 наурызда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалының Таяу Шығыс шіркеулер кеңесінің Бас хатшысы Мишель Абспен кездесуі өтті. Сұхбат кезінде Қазақстан мен Ливандағы түрлі діни конфессиялар мен діни бағыттар арасындағы өзара төзімділік пен үйлесімдік мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Сонымен қатар Бас хатшы М.Абстың ағымдағы жылы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысу мүмкіндігі талқыланды.
Таяу Шығыс шіркеулері Кеңесінің Бас хатшысы М.Абс Съезге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Өңірдегі бірқатар елдердегі шіркеулерді біріктіретін ұйымның басшысы дінаралық татулықты нығайту саласында ерекше орын алатын Қазақстанға баруға ниетті екенін атап өтті.
1974 жылы құрылған Таяу Шығыс шіркеулер кеңесі аймақ елдеріндегі 20-дан астам шіркеуді біріктіреді. Штаб-пәтері Бейрутта орналасқан. Кипр, Мысыр, Иран, Ирақ, Иордания, Палестина және Сирияда филиалдары бар.