Палестина Елшісімен кездесу

Палестина Елшісімен кездесу

24 қыркүйекте Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы осы елдегі Палестинаның жаңадан тағайындалған Елшісі Мұхамед Әл-Асаадпен жүздесті. Жылы шырайда өткен сұхбат барысында екі елдің арасындағы тарихи һәм бүгінгі замандағы байланыстары сөз етілді. Бұл ретте Қазақстан мемлекеттік егемендігін жариялаған бойда біздің елге қолдау көрсетіп сапар шеккен Араб әлемінің тұңғыш жоғары деңгейлі өкілі Палестина көсемі Ясир Арафат болғаны атап өтілді. Сондай-ақ палестиналық дипломат өз халқының Израильмен шиеленісте көріп жатқан тауқыметі жайлы әңгімелей келе, бүгінде оның заңды мемлекеттігін мойындап отырған елдердің тізімі кеңейіп жатқаны зор үміт тудыратынын жеткізді. Бұл ретте Мұхамед Әл-Асаад Палестина түйткілін бейбіт жолмен шешу бойынша, оның ішінде Газа секторында орын алған гуманитарлық дағдарысты күттірмей тарқатуға қатысты ресми Астананың берік те әділетті тұғырына ризашылық танытты.