Ливан Президенті Жозеф Аун Қазақстан Елшісін қабылдады

Ливан Президенті Жозеф Аун  Қазақстан Елшісін қабылдады

8 Қыркүйекте Бейрутта Ливан Президенті Жозеф Аун Қазақстанның осы елдегі Елшісі Расул Жұмалыны қабылдады. Әңгіме барысында Ливан басшысы Қазақстанға деген жылы ілтипатын таныта келе, онымен жан-жақты ынтымақтақты өрбітуге мүдделік білдірді. Атап көрсеткенде  сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени, саяхатшылық байланыстарды нығайту тұрғысынан екі ел зор әлеуетке ие. Бұл тұрғыда Астана мен Бейрут арасында орнаған саяси түсіністік пен сенім өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілетуге берік негіз болып табылады. Өз кезегінде Расул Жұмалы Ливан Президенті мен Халқына Қазақстан басшылығының ыстық лебізін жеткізіп, Таяу Шығыстағы қазіргі күрделі шақты аман-есен еңсеру мен тұрақтылық жолында табыс тіледі. Жылы шырайда өткен сұхбат аясында дипломат Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігі, қоршаған әлеммен, оның ішінде Араб елдерімен алға басып келіп жатқан жан-жақты байланыстары жайлы баяндап берді. Осы ретте Қазақстан тарапы аймақтағы ірі өркениет ошағы саналушы, бүгінде әсіресе іскерлік және туристтік тартымдылығымен ерекшеленетін Ливанмен ізгі қарым-қатынастарға үміт артып отыр. Жақын келешекте өтетін екі ел сыртқы істер министрліктерінің саяси консультацияларында  екіжақты байланыстарға серпін беруді көздеген нақты жобалар талқыға түспек.