17 маусымда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы осы елдің Сыртқы және эмигранттар істері министрі Юсеф Раджимен кездесті. Сұхбат барысында екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара тиімді ықпалдастықтың бүгінгі жай-күйі мен келешек көкжиектері қозғалды. Ливандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанға, оның жүргізіп отырған байсалды да белсенді саясатына деген ілтипатын білдіре келе, онымен жан-жақты байланыстарды кеңейтуге мүдделігін растады. Атап айтқанда, саяси серіктестікпен қатар Қазақстан мен Ливан бүгінде инвестициялық, сауда-саттық, гуманитарлық, туристік бағыттарда жемісті ынтымақтасу үшін зор әлеуетке ие. Осы да ортақ маңызға ие өзге тақырыптарды пысықтап нақтылау мақсатында биыл екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңестің кезекті отырысын өткізу жоспарлануда. Қазақстан дипломаты өз кезегінде Таяу Шығыста соңғы уақытта орын алған шиеленістің тез арада реттеліп, Ливанның бейбіт әрі гүлдену кезеңіне аяқ басатынына тілек білдірді.