Меню

Страницы

Статья

Екіжақты қарым-қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылы 20 сәуірде өзара дипломатиялық ноталармен алмасу арқылы орнатылған болатын.

ҚР-ның Бейруттағы Дипломатиялық миссиясы 2004 жылғы наурызда ашылды. ҚР-ның Мысырдағы елшілері Болатхан Тайжан (1993-1999 жж.), Бағдат Әміреев (2002-2008 жж.), Иорданиядағы елшілері Болат Сәрсенбаев (2012-2014 жж.), Азамат Бердібай (2015-2019 жж.) Қазақстанның Ливандағы елшісі қызметін қоса атқарды. Сондай-ақ осы жылдары Бейруттың өзінде Қазақстанның Ливандағы Уақытша және сенімді өкілдері Ербол Дербісәлиев, Дәулет Ембердиев, Балтабай Омаров, Ержан Қалекенов болды.

2021 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жарлығымен Қазақстанның Ливандағы Дипломатиялық миссиясы толыққанды Елшілік деңгейіне көтерілді. 2022 жылғы маусым айынан бастап Қазақстанның Ливан Республикасындағы Елшісі - Расул Жұмалы.

Ливан өз Елшілігін 1994 жылғы 6 қыркүйекте Алматыда ашты. 1997 жылы Ливан тарапы қаржылық қиындықтарға байланысты дипломатиялық өкілдігін уақытша жабу туралы шешім қабылдады. 2007 жылғы қарашада Қазақстандағы Ливан Елшілігінің қызметі қалпына келтірілді. 2018 жылғы мамыр айынан бастап Ливанның Астанадағы Елшісі – Жискар Әл-Хури.

2002 жылдан бастап ливандық кәсіпкер Юсеф Канаан Қазақстан Республикасының Ливандағы Құрметті консулы болып табылады.

Саяси бағыттағы ынтымақтастықтың басты оқиғалары ретінде 2003 жылғы тамыздағы Ливанның бұрынғы Премьер-министрі Рафиқ Хариридің Қазақстанға сапарын, 2004 жылғы маусымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы бастаған парламенттік делегацияның Ливанға сапарын, 2010 жылғы сәуірде ҚР Премьер-министрінің Ливанға ресми сапарын, 2017 жылғы 5 шілдеде Бейрутта өткен екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультацияларды, 2020 жылғы 5 тамызда Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен  Ливан Президенті Мишель Аун арасындағы телефон арқылы болған сұхбатты атап өтуге болады.

2023 жылы Қазақстан мен Ливан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 30 жыл толды. Осы жылдар арасында Астана мен Бейрут арасында өзара сенімді және жылы ықыласты достық байланыстар орнады. Ливан мен Қазақстан халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша жақын тұғырнаманы ұстанады. Соның ішінде Ливан Қазақстанды БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының 2013-2015 жылдарғы мүшелігіне, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарғы тұрақты емес мүшелігіне, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудегі үміткерлігін қолдады.

2023 жыл ішінде Ливан Сыртқы істер және мигранттар министрінің міндетін атқарушы Абдалла Бу Хабибпен, сондай-ақ сыртқы саясат мекемесінің басқа да жауапты өкілдерімен бірнеше кездесулер өтті. Олардың барысында екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне мән берілді. Сонымен қатар сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультацияларды ұйымдастыру, дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорт иегерлерін өзара визадан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қою мүмкіндіктері талқыланды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа халықаралық және өңірлік (Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы) құрылымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастықты дамыту мәселелеріне де мән берілуде. Осы бағыттағы кездесулер барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы шеңберінде екіжақты кездесулер өткізу, Семей бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына, 2032-2033 жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағалығына Қазақстанның кандидатурасына Ливанның қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылды.

Парламентаралық байланыстарды нығайту мақсатында 25 тамызда Ливан Ұлттық ассамблеясының Қазақстанмен парламентаралық достық тобының басшысы Нада Әл-Бустани және осы топтың мүшесі Симон Аби Рамиямен кездесу өтті. Әңгіме барысында парламентаралық ынтымақтастықпен қатар іскер орталардың арасында тікелей байланыстар орнату, Қазақстаннан Ливанға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау, мәдени және ақпараттық ықпалдастықты кеңейту секілді мәселелер қамтылды. Парламент мүшелері Қазақстан мен Ливан арасындағы байланыстардың зор әлеуетке ие екендігін мойындай келе, оны іс жүзіне асыруға бірлесе күш салатынын атап өтті.

 

 

Дата публикации
04 ноября 2022
Дата обновления
23 января 2024
Тип

Сейчас читают

Ақпарат
18 марта 2024
Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту
Ақпарат
18 марта 2024
Құжаттарды заңдастыру
18 марта 2024
Шет ел азаматтары үшін консулдық бөлім қызметтері

Социальные медиа

Меню подвал

Өмірлік жағдайлар
Мемлекеттік органдардың жаңалықтар арнасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Парламентінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Тұрақты даму мақсаттары