Бейжіңде ҚР-дың ШҰАА-мен өзара іс-қимыл келешектері талқыланды

Бейжіңде ҚР-дың ШҰАА-мен өзара іс-қимыл келешектері талқыланды

Бейжің, 2024 жылғы 10 сәуір – Қытай Халық Республикасының Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ұйымдастырған іс-шараға Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев, ШҰАА Парткомының Хатшысы Ма Синжуй, ШҰАА Халық үкіметінің Төрағасы Эркин Тунияз, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Үгіт насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ван Ган, ҚХР Коммунистік партиясы ОК Біріккен майдан меңгерушісінің орынбасары Чэнь Жуйфэн, Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэнь Сяодун және Бейжіңде аккредиттелген 49 дипломатиялық миссияның өкілдері қатысты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ш.Нұрышев өзінің сөз сөйлеуінде Шынжаңның Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығындағы сауда-экономикалық және туристік салалардағы негізгі өңіраралық әріптес ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Шынжаңның «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ілгерілетудегі маңызды рөлін назарға ала отырып, ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі елдеріміз арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат және Партком Хатшысы Ма Синжуй ынтымақтастың қазіргі жағдайы мен келешегін, сондай-ақ алдағы іс-шаралар кестесін талқылады. Келесі ҚР-ҚХР Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге ерекше назар аударылды.

Ма Синжуй Қазақстан мен ШҰАА ынтымақтастығының бүгінгі деңгейіне жоғары баға берді. Қазақстан Шынжаңның ірі сауда-экономикалық серіктесі болып табылатынын атап өтіп, түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін білдірді.

Қытайдың Бас кеден басқармасының деректеріне сай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы 20,3 млрд долларға жетті (+63%), бұл ҚР-ҚХР жалпы тауар айналымының 49%-ын құрайды.

Үрімші мен ҚР қалалары арасында апта сайын 20 әуе рейсі қатынайды. ҚР мен ҚХР шекарасында 5 көлік және 2 темір жол өткізу бекеттері жұмыс істейді.