Бейжіңде ШЫҰ Хатшылығының 20 жылдығы атап өтілді

Бейжіңде ШЫҰ Хатшылығының 20 жылдығы атап өтілді

Бейжің, 2024 жылғы 22 ақпан – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Шаңхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

ШЫҰ-ға мүше, байқаушы және сұхбат бойынша серіктес мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ ҚХР мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері де аталған іс-шараға қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қытай коммунистік партиясы Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Орталық Комитеті Сыртқы істер жөніндегі комиссия кеңсесінің басшысы, ҚХР Сыртқы істер министрі Ваң И, Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев және ШЫҰ Бас хатшысы Чжаң Миң сөз сөйледі.

ҚХР Сыртқы істер министрі Ваң И өзінің құттықтау сөзінде ШЫҰ  рөлін және Қытайдың сыртқы саясатында оның басым орнын атап өтті. Қытайдың сыртқы саяси басшысы Ұйымдағы қазақстандық төрағалықты атай отырып, 2024 жылғы шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері басшыларының алдағы саммитін дайындауға бағытталған Ұйымға мүше мемлекеттердің қарқынды жұмысын жоғары бағалады.

ШЫҰ Бас хатшысы Чжаң Миң штаб-пәтердің соңғы 20 жылда атқарған қызметі туралы айтып, болашақта Ұйымның тұрақты және салауатты дамитынына және әлемде бейбіт өмір орнатуға өз үлесін қосатынына, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайту бойынша өңірдегі миссиясын  жалғастыра беретінініне сенім білдірді.

ШЫҰ-ға төрағалық етуші елдің атынан Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев көпсалалы ынтымақтастықты үйлестірудегі кәсіби әрі нәтижелі жұмысы үшін Хатшылыққа алғысын білдірді. Қазақстандық дипломат еліміздің Ұйымға төртінші рет төрағалық ету барысында 2023 жылғы шілдеден бастап 100-ден астам іс-шара ұйымдастырғанын, алда тағы 70-ке жуық іс-шара жоспарлағанын, соның ішінде Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі, ШЫҰ Хатшылығы және Қытайдың Тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі комитеті арасындағы бірлескен жоспарға сәйкес 20 қосымша іс-шара іске асырылатыны  туралы хабарлады.

Іс-шара барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері халықтарының ұлттық киімдерінің көрсетілімі өтті.

Бейжің қаласында орналасқан ШЫҰ Хатшылығы Ұйымның қызметін үйлестіретін және ақпараттық-талдамалық жұмысты қамтамасыз ететін Ұйымның негізгі тұрақты органы болып табылады. Хатшылық ШЫҰ жұмыс органдарының отырыстарын ұйымдастырудан бөлек, Ұйымға байқаушы және сұхбат бойынша серіктес мемлекеттермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жүргізетін бірден бір құрылым.