Роман Скляр Қытайда жұмыс сапарымен болды

Роман Скляр Қытайда жұмыс сапарымен болды

2023 ж. 14-15 қыркүйекте қытай тарапының шақыруымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Р.Скляр жұмыс сапарымен Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылатын Ляньюньган (ҚХР) қаласына барды.

Сапар аясында Р.Скляр «Қытай-Еуропа» жүк пойыздар ынтымақтастық форумының ашылу салтанатына қатысты, онда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың форум ұйымдастырушыларына және қатысушыларына арналған жолдауын оқыды. "Елеулі геосаясилық шиеленіс жағдайында бұл бастама орасан зор маңызға ие, себебі көлік тұрақты экономикалық өсудің негізгі драйвері болып табылады. Сондықтан, бұл іс-шара әлемдік көлік логистикасын дамыту және оңтайландыру, жаңа бағыттарды ашу және заманауи технологияларды қолдану жөніндегі жаңа идеяларға деген ұмтылысты толық көрсетеді", - деп атап өтті Мемлекет басшысы жолдауында.

Форумның ашылу салтанатына ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсян, Цзянсу өлкесі мен Қытайдың мемлекеттік органдарының басшылығы, сондай-ақ Қытайда аккредиттелген шетелдік елшіліктер мен әлемнің түрлі елдерінің көлік ведомстволары қатысты.

Сапар барысында Р.Скляр ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді, онда тараптар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының сауда-экономикалық, транзит-көліктік және инвестициялық бағыттарының кең ауқымын талқылады.

Қазақстандық делегация басшысы Цзянсу өлкесінің губернаторы Сю Куньлинмен, сондай-ақ «CRRC Group», «XCMG Group», «Ace Group», «China Xinxin Group», «China Nonferrous Metal Industry' s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd» сияқты ірі қытайлық индустриялық, көліктік-логистикалық, металлургиялық және құрылыс компанияларының басшылығымен кездесті.

Жұмыс сапарының соңында Р.Скляр «Ляньюньган қ. Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорнында болып, кәсіпорынның басшылығымен кездесіп, оның негізгі қызметімен танысты.