Бейжің, 2023 жылғы 13 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығымен бірлесіп, Ұйымның штаб-пәтерінде Қазақстанның Мәдениет күнін өткізді.
Іс-шараға ШЫҰ-на мүше, байқаушы және диалог бойынша серіктес мемлекеттердің Қытайдағы елшілері мен аға дипломаттары, Қытай Халық Республикасының мемлекеттік органдары, қоғамдық ұйымдары, компаниялары, ғылыми-зерттеу институттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қазақстанның Бейжіңде қызмет атқарып және оқып жүрген азаматтары қатысты.
Қазақстан Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде аталған іс-шараның Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы аясында және Ұлы дала мәдениеті мен дәстүрлерімен таныстыру мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның Мәдениет күні Хатшылықта ШЫҰ мемлекеттерінің бай мәдениеті, тарихы мен әдет-ғұрпымен таныстыру дәстүрінің жалғасы екеніне назар аударды.
Мәдениет күні бағдарламасына Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбегі сіңірген әртісі, композитор Ақтоты Райымқұлова және еліміздің атақты «Тұран» этно-фольклорлық тобының бірлескен концерті, «Ай-Зер» дизайнерлік брендінің дәстүрлі қазақ киімдерінің заманауи үлгіренің көрсетілімі, «Тұсау кесу», «Бата беру», «Шапан кигізу» сияқты салт-дәстүрлері кірді.
Сонымен қатар іс-шара аясында қазақстандық авторлардың өлеңдері мен әндерінің қытай тілінде жарық көрген жинақтарының және Тараз туралы кітаптың таныстырылымдары, Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыратын суреттер көрмесі және ұлттық тағамдардың дегустациясы ұйымдастырылды.