2023 жылғы 12 қыркүйек - Бейжің қ. Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті (ҚХСКК БК) ұйымдастырған «Бір белдеу, бір жол» Қытай бастамасының 10 жылдығына арналған конференцияда сөз сөйледі.
Конференция ҚХСКК БК төрағасының орынбасары және хатшысы Ван Дунфэнның төрағалығымен өтті. Іс-шараға Қытайда аккредиттелген шет елдердің елшілері, сондай-ақ ҚХР министрліктері мен ведомстволарының басшылары қатысты.
Ш.Нұрышев өз сөзінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2023 ж. 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған Қазақстанның дамуының негізгі басымдықтары, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар етті.
Елші Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы практикалық ынтымақтастыққа және инфрақұрылым мен инновациялар, цифрландыру, жасыл технологиялар, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қатысты Ш. Нұрышев мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін және екі ел арасындағы өзара сауданың оң өсу серпінін атап өтті.
ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Сунь Вэйдун өз сөзінде Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп салудағы маңызды рөлін және Еуразиялық бағыттағы көлік бағыттарын кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.
Конференцияға қатысушылар өздерінің ұлттық стратегияларын Қытай бастамасымен ұштастыру шеңберінде ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары туралы пікір алмасты, сондай-ақ ағымдағы халықаралық жағдайдың сын-тегеуріндері мен проблемаларын талқылады.
ҚХСКК - ҚХР басшылығы жанындағы кеңесші орган. ҚХР аумағында тұратын қытай қоғамының барлық топтарының: іскер және ғылыми топтардың, мемлекеттік, қоғамдық және саяси ұйымдардың, қарулы күштердің, Қытайдың ресми танылған діни конфессиялары мен аз ұлттарының өкілдерінен құрылған.
2023 ж. наурыз айынан бастап Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюросы тұрақты комитетінің мүшесі Ван Хунин ҚХСКК БК-ның төрағасы болып сайланды.