Қазақстан мен Қытай паритеттік негізде визасыз режим енгізуді пысықтауда

Қазақстан мен Қытай паритеттік негізде визасыз режим енгізуді пысықтауда

Бейжің, 2023 жылғы 9 ақпан – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры У Симен кездесу өткізді.

Кездесу барысында консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сұхбаттасушылар осы салада тараптар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында азаматтардың өзара сапарлары үшін қолайлы жағдайлар жасау және жалпы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша «серпін» беру мақсатында шарттық-құқықтық базаны жетілдіру тақырыбына ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда Ш.Нұрышев Қытай тарапына екі елдің азаматтарын визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімнің жобасын келісу үрдісін жеделдетуді ұсынды. Сонымен қатар, екі ел арасындағы көші-қон үрдістерін реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында Қазақстан Елшісі көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою бойынша тиісті жұмыс жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ҚХР азаматтары-қандастардың мәселесіне назар аударды. Ш.Нұрышев қытай тарапына пандемия кезінде шекараның екі жағында қалған отбасыларды біріктіру мәселесі бойынша өзара іс-қимылды жандандыруды ұсынды. Бұл тұста Елші қазақстандық тараптың ішкі істерге араласпау, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.

Өз тарапынан У Си қазақстандық дипломат көтерген мәселелердің маңыздылығын және ҚХР СІМ Консулдық департаменті өз құзыреті шеңберінде аталған мәселелерді одан әрі пысықтауға дайын екенін білдірді. Қытай дипломаты Қазақстан Үкіметінің екі ел арасындағы адам алмасуды жандандыру жолында қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады және қытай тарапының екі елдің азаматтарын визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қоюға мүдделілігін білдірді.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша тараптар кездесу барысында көтерілген мәселелерді одан әрі пысықтау мақсатында Қазақстан Елшілігі мен ҚХР СІМ Консулдық департаменті арасында тұрақты байланыстарды сақтауға келісті.