Бейжіңде жаңа энергетика, жасыл қаржы және инновациялық технологиялар салаларына инвестицияларды тарту мәселелері талқыланды

Бейжіңде жаңа энергетика, жасыл қаржы және инновациялық технологиялар салаларына инвестицияларды тарту мәселелері талқыланды

Бейжің, 2022 жылғы 15 маусым - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Sun Seven Stars Investment Group» ірі жеке инвестициялық компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы және Бас директоры У Чжэнмен кездесу өткізді.

Оның барысында тараптар Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру, баламалы энергия көздеріндегі автомобильдер шығару, сондай-ақ «Sun Seven Stars Investment Group» компаниясының ҚР экономикасын декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды енгізу жөніндегі жобаларға қатысу мәселелерін талқылады.

Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны шетелдік инвесторларға арналған инвестициялық климатпен және преференциялармен, Қазақстанда іске асырылып жатқан «ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы индустрияландыру және инвестициялар жөніндегі бағдарламаның» негізгі ережелерімен, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі саясатымен, сондай-ақ АХҚО мүмкіндіктерімен таныстырды.

У Чжэн Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар аясында және қолайлы инвестициялық ахуалды ескере отырып, Қазақстан инвестициялар үшін тартымды нарық болып табылатынын атап өтті. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын анықтау үшін жақын арада Қытай компаниясы мен ҚР құзыретті мемлекеттік органдары және ведомстволары арасында келіссөздер ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Sun Seven Star Investment Group» («SSSIG») инвестициялық тобы 1999 ж. құрылған. Қазіргі уақытта инновациялық технологиялар мен цифрлық медиа өндірісі саласындағы Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі болып табылады. Заттардың зияткерлік интернетін пайдалана отырып, жаңа өнеркәсіптік инфрақұрылым құрумен, сондай-ақ көміртекті-бейтарап энергетика технологияларын дамытумен айналысады. «SSSIG» әлемнің 10 қаласында орналасқан және Бейжің, Нью-Йорк және Лондонда аймақтық штаб-пәтерлері бар.