
Бейжің, 2026 жылғы 29 мамыр – Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтында (ҚҚҒА РШЕОАИ) Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаларға және қазақ-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қытайдың сарапшылық және академиялық қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ҚҚҒА РШЕОАИ-дың қолдауымен ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігімен ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев және ҚҚҒА РШЕОАИ директоры Сунь Чжуанчжи сөз сөйледі.
Елші өз сөзінде қытайлық сарапшыларды елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуға, заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған конституциялық реформалар туралы жан-жақты хабардар етті.
Қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Екі ел арасындағы саяси диалогтың, парламентаралық өзара іс-қимылдың, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілді.
Сонымен қатар, Ш.Нұрышев Ұлы Даланың тарихи және өркениеттік мұрасы мәселелеріне тоқталды. Қазақстан, Алтын Орданың мұрасын қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығының маңызды негізі, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және сарапшылық өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективалы бағыты ретінде қарастыратыны атап өтілді.
Сунь Чжуанчжи қазақ-қытай қатынастарының дәйекті дамуын және екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін атап өтті. Қытайлық сарапшы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Пікір алмасу барысында қытайлық сарапшылар конституциялық реформалардың практикалық аспектілеріне шынайы қызығушылық танытты. Қатысушылар жүргізіліп жатқан реформалардың тереңдігін атап өтіп, Қазақстанның саяси-құқықтық жүйені жаңғырту жөніндегі дәйекті бағытына жоғары баға берді және екі ел арасындағы ғылыми және сарапшылық диалог аясында қазақ тәжірибесін одан әрі зерделеудің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелдің өткізілуі Қазақстан мен Қытай арасындағы сарапшылық және гуманитарлық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, сондай-ақ тараптардың екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.
Іс-шараға Қытайдың жетекші талдау және ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты, оның ішінде ҚҚҒА, Қытай халықаралық мәселелер институты, Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар институты, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму зерттеулері орталығы, Бейжің шет тілдер университеті, Тяньцзинь шет тілдер университеті, сондай-ақ Қытайдың шет елдермен достық қоғамы мен ҚКП ОК Халықаралық бөлімінің өкілдері.