
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Батыс Қазақстан облысында Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жобаның бастамашысы – Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС.
Жоба Орал қаласында 20 гектар аумақта іске асырылады. Инвестициялардың жалпы көлемі 130 млн АҚШ долларын құрайды. Кешен құрамына жылына 30 000 тоннаға дейін өнім шығаратын болат конструкциялары зауыты, жылына 60 000 данаға дейін құрылыс қалыптарын өндіретін зауыт, сондай-ақ жыл сайын 250 000 бухтаға дейін BV типті кабель шығаратын кабель зауыты кіреді. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 510 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Хабтың негізгі элементі қытайлық электрондық коммерция компанияларын, ресейлік трейдерлер мен еуропалық жүк жөнелтушілерді қоса алғанда, үшінші тараптардың жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған ашық үлгідегі «А» типті кеден қоймасы болады. Бұл формат өңірдегі тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, халықаралық сауданың дамуына серпін береді.
«Менің ойымша, бұл жоба өңір үшін аса қажет әрі стратегиялық маңызы жоғары бастама. Оның әлеуеті өте үлкен. Бұл – тек бастамасы ғана, біз алдағы уақытта да өңірде жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Жоба транзит, сауда, индустрия және логистика салаларының дамуына серпін береді деп сенемін. Бүгінде Қазақстанда 9 мыңнан астам қытайлық компания жұмыс істейді, 250-ден астам бірлескен жоба іске асырылуда», – деді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Жоба Қытайды, Орталық Азияны, Ресейді, Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақты байланыстыратын еуразиялық өнеркәсіптік синергия дәлізі үшін негізгі холдингтік платформаны қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық көлік бағыттарының тоғысында орналасқан Орал қаласы ЕАЭО елдерінің нарықтарына тікелей шығатын заманауи индустриялық-логистикалық орталық қалыптастыру үшін айтарлықтай әлеуетке ие.