
Бейжің, 2026 жылғы 24 сәуір — халықаралық «Voice Beyond Horizon» мәдени жобасының қорытындысы бойынша Қытай астанасында шығармашылық семинар өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі, «Хунань ТВ» телеарнасы және Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Семинарға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Асқар Шалқарбаев, ҚХР Радио және теледидар мемлекеттік басқармасының департаменттері директорларының орынбасарлары Ян Юн мен Ю Жухун, «Хунань ТВ» медиахолдингінің төрағасы – бас редакторы Цай Чжэнвэнь, қазақ әншісі Димаш Құдайберген, сондай-ақ Қытайдың мәдени және шығармашылық қауымының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде А.Шалқарбаев «Voice Beyond Horizon» жобасы мәдени іс-қимылдың тиімді алаңына айналып, қазақ мәдениетін шетелде ілгерілетуге және Қытаймен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал еткенін атап өтті. Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту және халықаралық аудиторияны кеңейту үшін заманауи медиаформаттарды пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Семинарға қатысушылар жоба дәстүрлі мәдени құндылықтар мен заманауи шығармашылық тәсілдерді ұштастырудың тиімді алаңына айналғанын және халықаралық аудиторияға бағытталған сапалы контент қалыптастыруға ықпал еткенін атап өтті.
Қытайда кеңінен танымал болған және екі ел арасындағы мәдени диалогтың маңызды көпіріне айналған қазақ орындаушысы Димаш Құдайбергеннің үлесі ерекше атап өтілді.
Семинарға қатысушылар мәдениет, медиа және креативті индустрия саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
«Voice Beyond Horizon» шоуы – қазақ әншісі және продюсері Димаш Құдайбергеннің бастамасымен жасалған халықаралық музыкалық жоба. Шоу түсірілімдері 22 күн бойы Түркістан, Ақмола, Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана ққ. өтті. Бағдарлама 3 айдың ішінде бүкіл әлем бойынша 2 млрд-тан астам қаралым жинады.