Тяньцзинь қаласымен ынтымақтастық келешектері талқыланды

Тяньцзинь қаласымен ынтымақтастық келешектері талқыланды

Бейжің, 2026 жылғы 22 сәуір — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Тяньцзинь қ. Халық үкіметі Сыртқы істер кеңсесінің Басшысы Луань Цзяньчжанмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Тяньцзинь қаласымен өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қытай өңіраралық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму келешектерін талқылады.

Елші Тяньцзиннің Қытайдың жетекші индустриялық және технологиялық орталықтарының бірі ретіндегі елеулі әлеуетін атап өтіп, қазақ тарапының сауда-экономикалық, инвестициялық және инновациялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.

Цифрлық экономика, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Луань Цзяньчжан қазақ тарапын ағымдағы жылы Тяньцзинь қаласында өтетін және Қытайдың зияткерлік технологиялар саласындағы жетекші алаңдарының бірі болып табылатын «World Intelligence Expo 2026» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

Тяньцзинь – ҚХР-дағы орталық бағыныстағы 4 қаланың бірі, халқы 13,7 млн адам. 2025 ж. қорытындысы бойынша ЖӨӨ 268,7  млрд. АҚШ долл. құрады. Шанхайдан кейін Қытайдың екінші индустриялық орталығы болып саналады. Қала порты жүк айналымы көлемі бойынша Қытайда 4-орынға ие және әлемдегі ең ірі порттардың ТОП-10 тізіміне кіреді. ҚХР БКБ-ның деректері бойынша, 2025 ж. Қазақстан мен Тяньцзинь қ. арасындағы тауар айналымы 481 миллион АҚШ долларын құрады.