
Бейжің, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Азия-Тынық мұхиты ғарыштық ынтымақтастық ұйымының (APSCO) Бас хатшысы Цзян Хуэймен кездесті.
Кездесу барысында APSCO мүше елдерінің аэроғарыш саласындағы ағымдағы жағдайы, ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану, Жерді қашықтан зондтау, спутниктік навигация және кадрлар даярлау бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейту, ғарыш ғылымы мен технологиясы саласында тәжірибе алмасу, кәсіби құзыреттерді дамыту сұрақтары талқыланды.
Тараптар қолданбалы ғарыш технологияларын дамытуға және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған APSCO-ның бірлескен бастамаларына Қазақстанның ықтимал қатысуы туралы пікір алмасты.
Анықтама: APSCO – ғарыш ғылымы мен технологиялары және оларды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2008 жылы құрылған үкіметаралық халықаралық ұйым. Ұйымның штаб-пәтері Бейжің қаласында орналасқан. Ұйым Жерді қашықтан зондтау, спутниктік байланыс пен навигация, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау салаларында бірлескен жобаларды іске асырады.