
Бейжің, 2026 жылғы 6 ақпан — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы (БХӨЖ) Тұрақты комитеті Кеңсесінің Сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ван Вэньмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай парламентаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, оның екіжақты саяси диалогын нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Парламенті мен БХӨЖ деңгейіндегі алмасулардың белсенділігіне оң баға берілді.
Ш.Нұрышев қытай тарапын Қазақстанда талқыланып жатқан, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және мемлекеттік институттарды нығайтуға бағытталған конституциялық реформалар туралы, оның ішінде бірпалаталы парламент құру мәселесі жөнінде хабардар етті.
Өз кезегінде Ван Вэнь БХӨЖ-дің жыл сайынғы сессиясын өткізуге дайындалып жатқанын атап өтті. Аталған сессияда 14-ші бесжылдықтың іске асырылуы қорытындыланып, 15-ші бесжылдықтың (2026–2030 жж.) жоспары қабылданатынын жеткізді. Ол БХӨЖ-дің халықаралық байланыстарды кеңейтуге және ҚХР заң шығарушы органының жұмыс тәжірибесімен алмасуға дайын екенін білдірді.
Тараптар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл мәселелері, оның ішінде «Орталық Азия – Қытай» форматы бойынша да байланыстарды одан әрі нығайтуға және сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.