Қазақстан 2026 жылы «Қытайға экспорт» бастамасының негізгі тақырыптық серіктесінің бірі атанды

Қазақстан 2026 жылы «Қытайға экспорт» бастамасының негізгі тақырыптық серіктесінің бірі атанды

2026 жылғы 4 ақпан, Бейжің – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Коммерция министрлігі мен Бейжің қаласының халық үкіметі ұйымдастырған «Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» сериясының аясындағы 2026 жылғы алғашқы іс-шараға қатысты. Аталған іс-шараға қазақ тарапының қатысуы Қытай тарапы жүзеге асырып отырған импортты кеңейтуге және сыртқы сауданың ашық моделін дамытуға бағытталған бастамасына Қазақстанның жоғары деңгейде тартылғанын айқын көрсетті.

Іс-шараға ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао, Бейжің қаласының мэрі Инь Юн, сондай-ақ Ұлыбритания, Португалия, Кения, Таиланд және Финляндия елдерінің елшілері, дипломатиялық корпус өкілдері, іскер топтар, салалық мемлекеттік органдары, Қытай және шет мемлекеттердің бизнес қауымдастығынан 150-ден астам өкіл қатысты.

ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао өз сөзінде «Қытайға экспорт» бастамасы Қытай экономикасының ашықтығын одан әрі кеңейтуге, импорт көлемін белсенді арттыруға және сыртқы сауданың неғұрлым теңгерімді әрі орнықты моделін қалыптастыруға бағытталған практикалық құрал екенін атап өтті. 2026 жылы осы серия аясында жекелеген елдерді тақырыптық серіктес ретінде тарта отырып, 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл өз кезегінде халықаралық сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастыруға, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және Қытай нарығына сапалы шетелдік тауарлар мен қызметтердің шығуы үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етпек.

Бейжің қаласының мэрі Инь Юн өз сөзінде Бейжің Қытайдағы ірі тұтыну нарықтарының бірі әрі халықаралық сауда мен қызмет көрсету орталығы ретінде импортты ілгерілетуде, іскерлік ортаны жетілдіруде және шетелдік компаниялардың қызметі үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда алдағы уақытта да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бастаманы іске асыру Қытай нарығын жаһандық деңгейде ашық әрі қолжетімді платформаға айналдыруға, Қытай мен шет мемлекеттер арасындағы практикалық сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған.

Іс-шараның аясында шет мемлекеттердің ұлттық және корпоративтік экспозициялары ұсынылған көрме аймағы ұйымдастырылды. ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао және Бейжің қаласының мэрі Инь Юн Қазақстан Республикасының павильонын аралап, онда ұсынылған қазақстандық экспорттық өнім үлгілерімен танысты. Қазақстан Республикасының Елшісі елдің экспорттық әлеуетін таныстырып, қазақстандық тауарлардың бәсекелік артықшылықтарын атап өтіп, аталған бастаманың аясында Қытай нарығына жеткізілімдерді кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Анықтама: ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян 2025 ж. қарашада өткен 8-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінің барысында «Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет жариялаған. 2026 жылы Қазақстан Республикасы Еуразия өңірі бойынша жалғыз «тақырыптық ел» мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «тақырыптық ел» мәртебесі Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиланд мемлекеттеріне де берілді. Бұл қытай тарапының аталған елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беріп отырғанын көрсетеді.