
Бейжің, 2026 жылғы 5 ақпан — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен (министр орынбасары дәрежесінде) кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің негізгі мәселелерін талқылап, 2026 жылға арналған іс-шаралар кестесі бойынша пікір алмасты. Елші қытайлық әріптестерін Ай күнтізбесі бойынша келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Саяси диалогты, сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дипломаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі және «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ бірлескен бастамаларды одан әрі іске асыруға жәрдемдесуге дайын екендіктерін растады.