
Гуанчжоу, 2026 жылғы 2 ақпан – ҚР-дың Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уалихан Сәрсембеков Гуандун өлкесінің Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің басшысы Ма Вэньфэнмен кездесу өткізді.
Кездесу ҚР-дың Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының ресми ашылуы аясында өтті. Тараптар Қазақстан мен Гуандун өлк. арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешектерін талқылады.
Атап айтқанда, жасанды интеллект, цифрландыру, инвестициялар тарту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ ғылыми-технологиялық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Қазақстан–Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумына Гуандун өлк. белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтіліп, бұл Қазақстан өңірлері мен Гуандун арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, сондай-ақ ҚР өңірлері мен Гуандун өлкесі арасында бауырластық қатынастар орнатуға ықпал ететіні айтылды.
Өз кезегінде, Бас консул Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар туралы хабардар етіп, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және оның тиімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық мүдделеріне сай келетін практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік танытты.