
Бейжің, 2025 жылғы 29 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрінің көмекшісі (Министрдің орынбасары дәрежесінде) Лю Биньмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылғы қазақ-қытай ынтымақтастығын қорытындылап, саяси диалогтың және мемлекет басшылары деңгейіндегі уағдаластықтарды іске асырудың жоғары серпінін атап өтті. Екіжақты саяси, сауда-экономикалық, көліктік, энергетикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттесудің жағдайы мен келешегін талқылауға ерекше назар аударды.
Дипломаттар келесі жылға арналған іс-шаралар кестесі бойынша, соның ішінде өзара сапарлар, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар шеңберіндегі бірлескен іс-шаралар мен әрекеттесуге қатысты пікір алмасты.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар өзара сенім, тату көршілік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде нығайтуға ұмтылысын растады. Осы ретте, Елші «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдеп, Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайтынын атап өтті.