Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулы шетелдік консулдық мекемелер басшыларының кездесуіне қатысты

Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулы шетелдік консулдық мекемелер басшыларының кездесуіне қатысты

2025 жылғы 16 желтоқсан, Гуанчжоу  — Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уалихан Сәрсембеков Гуанчжоу қаласында аккредиттелген шетелдік консулдық мекемелер басшыларының кезекті кездесуіне қатысты.

Іс-шараға Гуанчжоу қаласының мэрі Сунь Чжиян, сондай-ақ Гуанчжоу қаласындағы шетелдік мемлекеттердің консулдық корпусының басшысы және Гуанчжоу қаласында аккредиттелген 65 шет мемлекеттің бас консулдықтарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Гуанчжоу қаласының мэрі Сунь Чжиян қаланың сыртқы ашықтықты одан әрі кеңейтуге бағытталған стратегиялық бағытының жүйелі түрде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Ол қала дамуының төрт басым функциясын нығайтуға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Атап айтқанда, Гуанчжоу қаласын халықаралық сауда және іскерлік орталығы, озық өңдеуші өнеркәсіптің ұлттық деңгейдегі базасы, халықаралық ғылыми-технологиялық инновациялар орталығының маңызды тірек нүктесі, сондай-ақ кешенді көлік-логистикалық хаб ретінде дамыту негізгі басымдықтар қатарында екені айтылды.

Сонымен қатар Сунь Чжиян Гуанчжоу қаласының шетелдік консулдық мекемелермен қалыптасқан дәстүрлі достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтіп, әлем елдерімен бірлесіп Гуандун–Гонконг–Макао Үлкен шығанағы өңірінің даму мүмкіндіктерін өзара бөлісуге дайын екенін білдірді. Ол консулдық мекемелердің гуманитарлық байланыстарды тереңдетуде, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде және өзара тиімді жобаларды ілгерілетуде маңызды дәнекер рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында Гуанчжоу қаласының мэрі Сунь Чжиян мен Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уалихан Сәрсембеков Қазақстан мен Гуанчжоу қаласы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы жөнінде қысқаша пікір алмасты, сондай-ақ 2026 жылдың басына жоспарланған Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының ресми ашылуына дайындық барысын талқылады.