
Бейжің, 2025 жылғы 27 қараша – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Қуаныш Амантай БРИКС елдерінің арнайы экономикалық аймақтары саласындағы Қытай орталығы ұйымдастырған Пекин конференциясы мен стратегиялық семинарына қатысты.
Іс-шараны БРИКС Арнайы экономикалық аймақтары орталығының хатшылығы, Чжэцзян өлкесінің Бейжің қ. Тұрақты өкілдігі және Ханчжоу қ. Сауда бюросы ұйымдастырды. Конференцияға 150-ден астам қатысушы жиналды, олардың арасында Ресей, Үндістан, БАӘ, Иран, Эфиопия, Өзбекстан және басқа да БРИКС мүшелері және серіктес елдерінің елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде ЮНИДО, БҰҰ-ның сауда және даму конференциясы, Халықаралық шағын ГЭС орталығы қатысты.
Қ.Амантай өз сөзінде Қазақстан мен БРИКС елдері арасындағы сауда айналымының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанның экономикасымен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды. Қазақстандағы бизнесті жүргізуге және шетелдік инвестицияларды тартуға арналған қолайлы жағдайлар мен артықшылықтар таныстырылып, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың шетелдік инвесторларға ұсынатын кеңейтілген жеңілдіктер мен преференциялар туралы мәлімет берілді. Қазақ дипломаты БРИКС серіктестерімен ынтымақтастық Қазақстанның инвестициялық және сауда саласындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Конференцияда Қытай мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері және басқа да БРИКС серіктес елдерінің делегаттары сөз сөйледі. Конференцияға қатысушылар өз елдеріндегі арнайы экономикалық аймақтары туралы ақпаратты ұсынып, өнеркәсіптік даму мәселелерін талқылап, цифрландыру, «жасыл» технологиялар мен жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы аясындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.
Бұл іс-шара Қазақстан мен БРИКС елдері арасындағы пікір алмасу мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы болып, экономикалық байланыстардың дамуына және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етті.