
Бейжің, 2025 жылғы 26 қараша – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі (министр деңгейінде) Лю Хайсинмен кездесті.
Қазақ дипломаты Лю Хайсинді жоғары партиялық лауазымға тағайындалуымен құттықтап, партияаралық байланыстар Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси диалогты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге ықпал еткен парламенттік және партиялық делегациялардың сапарларын қоса алғанда, ағымдағы жылғы жоғары және аса жоғары деңгейдегі байланыстардың жоғары серпініне назар аударды.
Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалармен, қазақ-қытай екіжақты ынтымақтастығының ағымдағы жағдайымен және келешегімен таныстырды.
Лю Хайсин өз кезегінде алдағы 15-ші бесжылдық Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды кезеңі болып табылатынын және Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ол қытай тарапының партияаралық диалогты одан әрі тереңдетуге және екіжақты негізде ғана емес, сонымен қатар «Орталық Азия – Қытай» форматының шеңберінде бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделілігін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар партияаралық байланыстарды дамыту, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту сияқты қазақ-қытай ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады. БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматының аясындағы көпжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ бір-бірінің халықаралық бастамаларын өзара қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша күш-жігерді үйлестіруге келісті.